Таныс болайық! Tentek: шағын, бірақ батыл баспа үйі

19 минут Жулдыз Актаулова
Альтернативный текст

Tentek Publishing House — жергілікті авторларға басымдық беріп, балалар мен жасөспірімдер әдебиетін басып шығаратын қазақстандық жас баспа үйі. Балалар жазушыларының еңбектерін екі тілге — қазақшадан орысшаға және керісінше — аудару арқылы баспа үйі қазақстандық авторлардың еңбектерін, қай тілде жазатынына қарамастан, ел назарына ұсына алады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйренуге қолғабыс болып, жас оқырмандар үшін өзін-өзі тануға жол ашады. Степь редакциясы Маликамен оның кітап баспасындағы тәжірибесі, басып шығаратын әр кітаптың ерекшелігі және қос тілді әдебиет идеясы туралы сөйлесті.


— Неліктен кітап басып шығару ісін таңдаңыз?

— Кітап басып шығару саласында жүргеніме он жылдан астам уақыт болып қалды. Оның алты жылын Санкт-Петербургтегі тәуелсіз кітап баспасына арнадым. Ол жерде тағылымдамадан өтіп, ішкі және сыртқы барлық процесті басқаратын деңгейге дейін жеттім. Ал соңғы төрт жыл бойы Алматыда сүйікті ісіммен айналысып келе жатырмын: екі жыл OYLA қазақстандық ғылыми-көпшілік журналында қызмет етіп, кейін шығарушы редактор ретінде кітап басып шығару саласындағы коммерциялық жобаларды қолға алдым. Оған қоса жеке ісімді бастауға дайындалып жүрдім. Қазір Tentek баспасына бақандай бір жыл толды.

Мен әрдайым өскелең ұрпаққа арналған әдебиетті басып шығарғым келетін. Біріншіден, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарды өзімнің де жаным сүйеді. Сантүрлі қызықты хикаяларды айтпағанда, ол кітаптарды безендірудің өзі де қиялға шексіз ерік береді ғой. Екіншіден, балалар әдебиеті бүлдіршіннің жеке тұлға болып қалыптасуы үшін маңызды рөл атқарады. Мен мұны қайталаудан шаршамаймын. Балалар әдебиеті міндетті түрде тәрбиелеуі керек деген идеология кеңестік кезеңде қалсын — сапалы жазылған заманауи балалар әдебиеті тәлім-тәрбие беруден бұрын, рухани дамуға көмектеседі деп ойлаймын. Сол себепті ересектерге де балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарды оқуға кеңес беремін.

Күнделікті керек ақпаратты оқып қана қоймай, өзіңді баладай сезініп, әлемге баланың көзімен қараудың қандай керемет екенін де ұмытпаған жөн. Қанша жасқа келсек те, сол баяғы балақай әрдайым біздің жүрегімізде екенін де ұмытпау керек.

— Баспа үйінің атауы қайдан шықты?

— Баспа үйінің атауын ойлап табу үшін ұзақ бас қатырдым. Түрлі нұсқалар болғанымен ешқайсысына көңілім толмады. Бір кезде есею туралы бір әннің сөздері есіме сап етіп түсе қалды — tentek jurek, taza jurek. Бұл менің me and my invisible orchestra атты музыкалық жобамның әні — Jayiq.

Сол мезетте түсіндім: tentek — іздегенімнің дәл өзі, мен үшін бұл сөздің өзінше тазалығы, пәктігі бар. Бұзық, сотқар деген мағына берсе де, меніңше, реңі мейірімге толы.

— Командада кімдер бар?

— Әр жоба үшін бөлек топ жиналады: аудармашылар, редакторлар, корректорлар, мәтінді беттеушілер және иллюстраторлар. Шығарушы редактор ретінде қолжазбаны редакциялаудан бастап, кітап басылып шыққанша өзім қадағалаймын. Мамандардың мүмкіндігін, таланты мен қабілетін барынша көрсету үшін әр жобаға сай команданы жинаймын. Әрине, команда мүшелеріне сенім арта алуым да өте маңызды.

Әдеби өңдеумен көбіне өзім айналысамын, бірақ Тоня Шипулинаның «Шыбын» атты шығармасын редакциялауды Майя Акишеваға ұсындым. Ол мәтінді терең түсініп, өз ісіне барынша мұқият болатынына сенімді едім.

Кейде аударманы тексеріп, кейде мәтінді аударып беру үшін OYLA журналында бірге жұмыс істеген әріптесім Қуаныш Жұбандықовты шақырамын. Өзіме қалай сенсем, оған да солай сенемін. OYLA-дағы тағы бір бұрыңғы әріптестерім Афра Келебек пен Айгерім Аманчиева да керек кезде көмекке келетінін білемін. Афра — мәтінді беттеудің шебері, ал Айгерім — менің ең сүйікті суретшім. Дәл осы командамен бірге Батырхан Шөкенов атындағы қор үшін «Таныс болайық! Батыр» атты кітапты басып шығардық.

Нұрайна Сәтбаеваның «Әлканың күміс тұмары» атты кітабына арналған иллюстрацияларды Катя Болатова салып берді. Катяның керемет иллюстратор екені өз алдына, ал оның жануарларға деген махаббаты мүлдем бөлек әңгіме. Кітап үшін де Катяның осы тұсы ұтымды боларын сездім. Ал «Шыбынның» иллюстрацияларын Рома Захаров салды. Оның стилі мен шығармашылық ойлары Тоня Шиппулина жазған оқиға желісіне келісе кетті.

Редактор Таңшолпан Төлеген, корректорлар Оралай Алейдарова мен Маша Яковлева сияқты керемет адамдармен бірге кітап басып шығарып жүргеніміз мен үшін үлкен бақыт.

— Кітаптар неліктен екі тілде жарық көреді?

— Қоғамның біртекті еместігін аңғарған дұрыс: қандай да бір пайызы кітапты тек қазақ тілінде оқыса, басқалары тек орыс тілінде жазылған кітаптарды сатып алады. Балалар әдебиетіне келсек, орыс тіліндегі кітаптар жиірек сатылады, себебі шетелден келетін кітаптар ассортименті кең. Билингуалды баспа үйі ретінде оқырмандарымыздың алдында мұндай таңдау болғанын қаламаймыз, жергілікті авторлардың шығармалары бірден екі тілде басылса екен дейміз.

— Бала кезіңізде ең алғаш оқыған кітабыңыз қай тілде болды?

— Бала кезімде кітапты көп оқитынмын. Мектепте ұстаздық еткен анамның үйде шағын кітапханасы болды. Ерте оқып бастағандықтан болар, қазір ең алғашқы кітабымды еске түсіре алмаймын. Балалық шағым тоқсаныншы жылдарға дөп келгендіктен, қазақ тілінде жазылған шығармалар санаулы еді, бірақ оқимын дегенге табылатын. Сексенінші жылдары қазақ тіліндегі басылым қарқынды дами бастады-ау деймін. Ол кезде ана тілімді білмейтінмін, оған деген махаббатым мен қызығушылығым есейгенде нығая түсті. Сондықтан бала кезде бойыма сіңірген барлық ілімім орыс тілінде жазылған кітаптардан болды. Тоқсаныншы жылдары қазақ тілінде жазылған сапалы балалар әдебиеті қайдан болсын? Қазақша ертегілер, аңыздар, эпостар, кеңестік кезеңнен келе жатқан қазақстандық жазушылардың повестері мен Шыңғыс Айтматов болды. Салыстырсақ, олардың да тиражы аз еді. Роальд Дальді оқығың келе ме? Орысшасы бар. Джанни Родари? Ол да орыс тілінде.

Қазақша сөйлейтін балаға қызық болуы мүмкін деген шығарманың барлығы орыс тілінде еді.

Менің балалық шағымда Steppe & World секілді тамаша баспа үйлері болған жоқ. Олар қазір өте маңызды іс атқарып жатыр — қазақстандық балаларды жасөспірімдерге арналған шетелдік әдебиетпен қазақ тілінде таныстырады.

— Қазақша кітаптар қаншалықты танымал?

Дәл баға беретіндей сарапшы емеспін, бірақ қазақ тіліне аударылған кітаптар туралы айтатын болсақ, оқырмандар үшін мотивациялық әдебиеттердің орны бөлек екенін байқаймын. Мәселеге тереңірек үңілейік: қазақстандықтың көбі кітап оқи ма? Немесе, мысалы, қазіргі қазақ авторларын қанша қазақстандық оқиды? Біз үшін және басқа да баспалардағы әріптестеріміз үшін халықтың кітап оқуға, қазақша оқуға, жергілікті авторлардың шығармаларын оқуға деген қызығушылығын туғызу үлкен міндет екені сөзсіз.

— Авторлармен қалай байланысқа шығасыз?

— Баспа үйі ашылған бойда авторлардан хат келе бастады. Қазір балалар мен жасөспірімдер әдебиетін жазатын авторлар тіпті шағын тиражды басып шығару үшін жеке қаражаттарын жұмсайды немесе шетелдік баспалармен жұмыс істейді. Мұндай мүмкіндіктері жоқ авторлар да бар екенін ұмытпаған жөн. Авторлар жеке қаражатын жұмсап, мәдениетімізді дамытамыз деп түрлі өздеріне қолайсыз жолдар іздемей-ақ оқырманға өз шығармашылығын паш ете алуы керек. Сондықтан оларға қаржылай қолдау көрсету қажет: бұл роялти төлеу де, кітапты басып шығару құқығын сатып алу да болуы мүмкін.

Өкінішке орай, Қазақстанда жергілікті авторлармен жұмыс істеуге дайын баспалар санаулы. Сол себепті Tentek баспа үйінің пайда болғаны көпшілікті шабыттандырды деп ойлаймын. Біз көптеген қолжазбаны қабылдаймыз. Бірақ оларды өзім жеке оқып, болашақта бірге жұмыс істеу мүмкіндігі туралы шешімді де өзім қабылдайтындықтан, авторлардың еңбегімен танысуға бір айдай уақыт кетуі мүмкін.

Шығармашылық жолын енді бастаған авторлар үшін баспалар тарапынан қолдау табу қаншалықты маңызды?

— Қандай іспен айналысса да, әр адам үшін қолдауды сезу маңызды. Шығармашылық іспен айналысатын адамға ондай қолдау үш есе қажет. Баспагер ретінде мені мына сұрақ толғандырады — жас жазушылардың барлығына көмектесе алам ба? Шығармашылық саласында жүрген әрбір жан өзінің танылғанын қалайды. Егер шығармалары расымен де керемет болса, баспа үйлері мен қазақстандықтар бірге оларды қолдауы керек.

Қазір балалар мен жасөспірімдер әдебиетін жазып қана қоймай, онымен қоса өздері де оқитын авторлардың өтінішін қарастырғым келеді. Жас оқырмандарға арналған заманауи проза жазғанда автор айналасындағы мысалдарға сүйеніп қана қоймай, өз тәжірибесін ой елегінен өткізе отырып жазғаны оның тілі, стильдік тәсілдері мен баяндауынан сезіледі. Менің ойымша, қазір балалар мен жасөспірімдердің тілін табу үшін адамның өз ойын жазбаша түрде жеткізе білуі, тек кеңестік әдебиеттен қалған мұрасы, ертегілер мен фэнтези сарынындағы әңгімелер жазу ғана жеткіліксіз.

Біз тәуелсіз баспа үйіміз, оқырмандармен ауыр тақырыптарда сөйлескіміз келеді, өйткені өмірде әртүрлі нәрселер болуы мүмкін. Ал мен, баспаның негізін қалаушы әрі бас редакторы, «қызық болуы мүмкін» деген статистикаға қарамайтынымды айтқым келеді.

Мен жас ұрпақтың да, өзімнің де рухани дамуыма септігін тигізетін мәтіндермен жұмыс істеймін.

Егер мен жас автор жіберген мәтіннен маңызды дүние шығатынын сезсем, оны міндетті түрде қолдауым керектігін түсінемін. Қалай болғанмен, жақында ғана ашылған баспахана да қолдауды қажет етеді.

— Ал Tentek-ті кім қолдайды?

— Кітаптың сапалы болып шығуы үшін жақсы жазылған қолжазбамен қатар, кәсіпқой мамандардың да көмегі қажет. Ал жақсы мамандардың еңбегін жақсы бағалау керек. Кітапты басып шығару да өте қымбат тұрады — әсіресе қазір шетелден келетін шикізат қатты қымбаттап кеткен.

Әртүрлі жобалар болады. Мәтінмен жұмыс, аударма және редакциялау тағы бар. Сонымен қатар, түзету, иллюстрация, блоктың макетін және мұқабасын безендіру де бар. Сапалы қағазда, ақ-қара түсте, екі тілді екі жүз беттік көркем әдебиеттің мұқабасы қатты бес жүз данасын шығару үшін үш миллион теңгеге жуық қаржы керек.

Баспа үйі ұйымдастыру процестері мен жобалардың менеджментін қуана өз мойнына алады, бірақ кез келген бастама сияқты, біз үшін қолдау маңызды. Біз кітаптарды өз ақшамызға шығармаймыз — өкінішке орай, әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Әрбір жоба үшін біз қаржылай көмек іздейміз. Кітап шығаруға қаржылай қолдау көрсету әлемде кең тараған тәжірибе. Біз осындай маңызды істің бір бөлігі болғысы келетін ұйымдармен және жеке инвесторлармен серіктес бола аламыз деп үміттенеміз.

Осындай ұйымдардың және кең пейілді адамдардың бар екеніне өте қуаныштымыз: «Дара» қайырымдылық қоры бізге Тоня Шипулинаның «Шыбын» кітабын шығаруға көмектесті. Оның негізін қалаушы Гүлнәр Досаеваға біздің жасап жатқан ісімізге бірінші болып сенгені үшін алғысым шексіз. Нұрайна Сәтбаеваның «Әлканың күміс тұмары» атты кітабын «Меломан» компаниялар тобы қолдады — олар Қазақстандағы тәуелсіз басылымдарды демеуге дайын. «Меломан» бізге кітапты басып шығаруға көмектесіп қана қоймай, дүкен аумағында іс-шаралар өткізуге де қолғабыс етті. Осының бәрі жүрегімізді елжіретіп, баспа үйінің табысты болатынына үлкен үміт сыйлады.

— Балаларға арналған кітаптар олардың қазақ тілін үйренуіне қалай әсер етеді?

— Мен сарапшы емеспін, бірақ әр жақсы кітаптың өз оқырманы болатынына сенемін. Оқырман үшін сондай кітаптың болуы мемлекеттік тілді үйренуге тамаша мүмкіндік тудырады.

Баланың санасы өте икемді, сондықтан ол ақпаратты қабылдауға, өңдеуге, есте сақтауға және оны қолдануға дайын, бірақ ақпаратты күшпен емес, қызыға сіңіру керек.

Мемлекеттік тілді әуел бастан білмеген қатарластарымның қанша пайызы мектептің арқасында таза қазақша сөйлеп кетті екен? «Мен» деп жауап беретін адам көп емес сияқты. Кітап оқуға келгенде де осы мәселе. Балалар икемді және тез қағып алады. Бірақ олар қырсығып қалуы да мүмкін! Ал бұл қалыпты жағдай!

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Қазір аса ірі жоспарларымыз жоқ. Аяққа тұрып, тәуелсіз кітап шығаруды дамыту, жаңа авторлармен танысып, олардың кітаптарын басып шығару үшін қаржы табу, авторлар мен кітап басып шығару саласындағы мамандарға қолдау көрсету, жақсы кітаптар шығару және оларды оқу сияқты жоспарларымыз бар.

— Қазақстанда қазақ әдебиетін дамыту үшін қандай іс-әрекеттер жасар едіңіз?

— Дәл қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ештеңеге қарамастан кітап басып шығаруға тырысамыз.

Статьи STEPPE

Партнерский

Стокгольм+50: БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі конференциясының жарты ғасырдан кейінгі нәтижелері

Қоршаған ортаға қатысты «Стокгольм+50: барша адамзат өркендейтін сау планета – біздің жауапкершілігіміз, мүмкіндігіміз» кездесуі 1972 жылы Стокгольмде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзаттың қоршаған орта мәселелерін шешу жөніндегі конференциясының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған.

3 минуты
3 минуты
Партнерский

COVID-19 қоршаған ортаға қалай әсер етті?

COVID-19 пандемиясы мен қоршаған ортаның ластануы арасындағы байланыс экологиялық ахуалды жақсартудың жаңа тың жолдарын көрсетті.

6 минут
6 минут
Партнерский

Париж келісімі: Сіз білуге тиіс мағлұмат

Париж келісімі аясындағы Қазақстанның міндеттері мен жұмыстары.

6 минут
6 минут
Партнерский

Әлемде болып жатқан құбылыстар климат өзгерісіне байланысты ма?

Климат өзгерісі жер бетіндегі түрлі табиғи апаттарға себеп болып, әр адамның өміріне кері әсерін тигізіп жатыр.

9 минут
9 минут