Yenlik сүйікті музыкасы, танымалдығы және шығармашылығы жайлы

13 минут Гульнар Наурызбай Гүлбақыт Жанұзақ
Альтернативный текст

Еңлік Құрарбек — жастардың арасында Yenlik есімімен танымал қазақстандық әнші. Еңлік Алматы облысына қарайтын Боралдай ауылының тумасы. Ол 2017 жылдан бастап әндеріне мәтін жаза бастады. 2018-2020 жылдары жеке себептеріне байланысты шығармашылығын тоқтатқан, сол жылдары мектепте ағылшын тілінің мұғалімі болған. 2021 жылы «BIPL» атты дебютін жарыққа шығарады. Кейіпкеріміздің «DOP», «BIPL», «Koka» сияқты әндері ютубта 6 миллионға жуық қаралым жинаған.


— Еңлік, сіз ЖОО бітіргесін, мектепте мұғалім болдыңыз. Қазір ол қызметтіңізден кетіпсіз. Осы жайлы айтып берсеңіз?

Мен қараша айында мектептен түбегейлі кетіп, музыканы таңдадым. Мектептен кететінімді естіген ұжымым мені жібергісі келмеді. Жылы лебіз білдіргендері үшін әріптестерім мен оқушыларыма рахмет айтамын. Жалпы мектепті емес, оқушыларымды сағынамын. Мен ағылшын тілінен бастауыш: бес орыс және бес қазақ сыныптарына сабақ бердім. 

— Ата-анаңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?

Анам аздап ренжіді, себебі консервативті кісі, ал әкем қолдады. Әкемнің есімі — Еркін. Атына сай ол кісі де бостандықты сүйеді. Әкем әрдайым мені қолдап, ешқашан ештеңеден шектемеді. 

— Сіз мұғалімдікті, соның ішінде ағылшын пәнін неліктен таңдадыңыз?

Менің математика пәніне икемім болмады, бірақ ағылшын тіліне деген қызығушылығым бала кезден, болды. Негізі мұғалім болу өзімнің ойымдағы арманымдағы мамандық емес еді. Әке-шешем таңдаған мамандық.

— Сіздің өміріңізде музыка қалай пайда болды? 

Музыка мені ерте жастан өзіне ынтық етті. Менің ата-анам музыканы өте жақсы көреді, әнді кішкентай күнімнен тыңдап өстім.

— Түсірілім алдында сіз ашық киім кие алмаймын дедіңіз. Бұл таңдауыздың анаңызға қатысы барма?

Жоқ, олай емес. Кең киім (oversize) киген өзіме өте ыңғайлы. Образыма қатысты анам ешқашан мені сөккен емес. 

Yenlik

— Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

Мен шығармашылықпен айналысамын. 

— Сіз қазір ән жазасыз ба?

Шынымды айтсам, әлі бастамадым. 

— Менің білуімше, сіздің бұрын жазған ән жинағыңыз бар. Сіз сол әндерді жинап, альбом шығаруды жоспарлап отырсыз ба?

Иә, мен ескі демоларымды жинап, жаңа әндер қосамын. 

— Жанкүйерлеріңізді қашан қуантасыз?

2022 жылы көктемде.

— Сізге қай жылдардағы музыка ұнайды? 

Маған 90-шы немесе 00-ші жылдардағы музыка ұнайды. 

— Сіздің сүйікті музыкантыңыз кім?

Сүйікті музыканттарым көп. Музарт, Батырхан Шүкенов, Медеу Арынбаев. Маған Медеу Арынбаевтың «Өмір өзен» әні ұнайды. Клипте жас баланың ұлы боксер болатыны суреттеледі. Сюжет бойынша бала жерге бұтақ отырғызады, соңында ол үлкен ағашқа айналады. Маған клиптің мағынасы ұнайды.

— Ал, шетелдік музыканттардан кімді ұнатасыз?

Мен бала кезімде Уитни Хьюстонды тыңдадым. 

— Сіз әдетте әнді қайда жазасыз? 

Әр түрлі жерде. Әдетте үйде, кейде студияда. 

— Сіз вокалдан сабақ алып жүрсіз бе?

Қазір жоқ. Бірақ бір жыл бұрын алдым. 

— Сіз клиптің түсіріліміне қатысасыз ба?

Шынымды айтсам, бұрын маған идеяны көрсететін,мен мақұлдайтынмын. Қазір кейде клипке қатысты өз идеяммен бөлісемін.

— Әндердің әрдайым мағыналы болуы маңызды ма, әлде оларда бит пен вайб болса жеткілікті ме? Олар қоғамның кейбір мәселелерін немесе музыканттың саяси ұстанымын білдіруі тиіс пе? 

Иә, мен үшін әннің мағынасы мен мәнінің болуы маңызды. Саяси мәселелер маған қатты әсер етпесе, мен саясат туралы жазбас едім. Өз басым жағымды оқиғалар жайлы ән жазғым келеді.

— Әннің мәтінін өзге адам жазса, сол әндерді орындауға дайынсыз ба? 

Шынымды айтсам, мен бұл туралы ойламадым. Әннің мәтіні ұнаса орындайтында болармын. 

— Әртістерді шеттету мәдениеті туралы көп естіп жүрміз. Кез келген уақытта әртісті жерден алып, жерге салып жатады. Сіздің ойыңызша, жақсы әндер жазатын, бірақ ішімдік немесе есірткіні шектен тыс пайдаланатын әртісті құрметтеуге бола ма?

Білесіз бе, адамдар әртүрлі. Әрине, өнер иесінің арақ пен есірткіні пайдалануы жаман. Бірақ, ол жақсы адам болуы да мүмкін ғой. 

— Егер Кисло-Сладкий туралы айтатын болсақ…

Әндерінің мәтіні оның стиліне сәйкес келеді. 

— Сіз шабытты қайдан аласыз?

Адамдар. Әр түрлі адамдар. Мені анам, әкем немесе жолда кезіккен күлімсіреген адам, табиғат шабыттандырады. Осы нәрселердің бәрі көңіл күйімді көтеріп, шығармашылықпен айналысуға күш пайда болады. 

— Бірінші кезекте өз әндеріңізді кімге көрсетесіз?

Анама, әкеме, музыкалық продюсерім Нұржанға тыңдатамын. 

— Жігіттерге арналған әніңіз бар ма? 

Жігіттерге арналған әндер репертуарымда жоқ, әзірге махаббат жайлы ән жазбадым. 

— Сізді рэпер деп атаса ұнатпайтыныз рас па? 

Иә, мен өзімді әртіспін деп ойлаймын және сол дәрежеге лайықты болғым келеді. Тек рэпер ғана емес, жан-жақты шығармашылық адам болу ойымда бар. Мен үшін әртіс — бәрін жасай алатын шығармашылық адам. 

 — õzen (қазақстандық музыкалық лейбл) қандай шектеулер қояды? 

Ешқандай шектеулер жоқ. Лейбл әртістердің өнер саласында дамуына ғана жауап береді, шектеу қойғанда емес, болашақтада қоймайды деп ойлаймын.

— Ал сіз клиптер мен фотосессияларға түскенді ұнатасыз ба?

Иә, ұнайды. Бірақ кейбір образдар менің күнделікті өміріме сәйкес келмейді.

singer

— «Бұл киімді кимеймін» деп айтатын кездеріңіз болады ма?

Ұрысып айтпаймын, әрине. Стилисттерге ашық кимеймін, қысқа кимеймін деп түсіндіремін. Содан кейін олар да келіседі. Ең бастысы киім маған қонымды әрі ыңғайлы болып тұрса болды. Ашық киім кисем қысылып бастаймын.

— Саусағыңызда ұлттық нақыштағы жүзік тұр. Сіз бұл жүзікті жиі тағасыз ба?

Иә, маған бұл жүзік ұнайды. Мен сақина тағып осы жылы бастадым, бұрын тақпайтынмын.

кольца

— Сізге отандық дизайнерлер ұнайды ма?

Мен стиль мен киімге аса қызығушылық танытпаймын. Түсірілім кезінде мен стилисттерге толықтай сенемін. Олар менің образыма жарасатын киім таңдайды. Өмірде мен өте қарапайым киінемін.

— Өмірден өткен немесе қазіргі музыканттардың арасынан feat жазуға мүмкіндік болса, таңдауыңыз кім болар еді?

Негізі Мархаба Сәбидің шығармашылығы қатты ұнайды. Ал, классикадан болса, Медеу Арынбаев пен «AБK» тобының әндері мен шығармашылығын жақсы көремін, соның ішінде «Тамшылар» әні.

— Сахнаға шыққан кезіңізде қорқыныш болама?

Қазір жоқ. Өзім жасайтын техникалар бар. Шыққан кезде терең демаламын, сосын өзіме жақсы сөздер айтамын. Содан кейін бәрі жақсы болады.

— Сіз Бейонсені тыңдаймын дедіңіз. Оның «I’m Sasha Fierce» альбомы бар. Ол сахнаға шыққан кезде өзін Саша сияқты сезінетінін де айтты. Сахналық образыңыз бар ма?

Екіге бөле алмаймын. Тап сол Еңлік. Тек басқа қырымнан көрінемін. Өмірде де қалай, сахнада да сол қалпымдамын.

— Сізді көшеде танып жата ма? Сіз оған қалай қарайсыз?

Иә, танып жатады. Жақсы қараймын. Қуанамын. Тыңдармандарымды көрсем жымиямын. Жеке шекарама қол сұқтың деп ренжімеймін. Келсе, мені таныса тек ризамын.

— Менің ойымша, сіз экранда және өмірде мүлдем өзгешесіз. Оған не себеп?

Өмір салтыма байланысты. Менің әке шешем қарапайым адамдар. Мені өмірде солай өсіргесін де болар. Өзімді қинап, сахнада осындаймын, өмірде осындаймын дей алмаймын. Сахнаға шыққанда өзімді қолға аламын. Жұмыста өзіңді жинайсың. Мұны жұмыс деп те айтпаймын. Сахна адамдарының бәрінде солай шығар.

— Алматылық музыканттардың арасында есірткі шегетіндер көп екенін естідім. Сіздің жақын әріптестеріңіздің арасында оған әуестенетіндер бар ма? 

Достарымның арасында жоқ. Кейбір әртістердің шегетінін білемін. 

— Ал сіз осындай нәрселерге қалай қарайсыз? 

Жаман. Бұл шығармашылық пен өмірдің тас талқанын шығаратын әдет.

— Ал ішімдікке көзқарасыңыз қалай?

Жаман.

— Адамдар сіздің әндеріңізді неге ұнатады деп ойлайсыз?

Мен өзімді сахнада жүз пайызға шынайымын деп айта алмаймын. Бірақ шынайы болуға тырысамын. Менің ойымша осы нәрсені адамдар сезеді. Өлең жазғанда басымнан не өтті, қандай сезімдерді бастан кештім, соны ашық көрсеткім келеді. Адамдар соны сезіп, түсінеді деп ойлаймын. 

Әрбір адамның өмірінде кездесетін оқиғаны жазғасын да болар, әндерім тыңдарманның жүрегіне жетеді.

— Әлеуметтік желі пайдаланушылары әртістерді мінсіз етіп көргісі келеді. Еңлік, инстаграмда қаншалықты шынайысыз?

Stories салғанда өзімнің бар болмысымды көрсетемін. Қазіргі таңда адамдарға шынайылық жетіспейтін сияқты. Өмірде мінсіз болмау қызығырақ.

— Егер өмірде бір ән қалса, ол қандай болушы еді?

Кез келген ана туралы жыр шығар.

— Егер өткен жыл музыкалық альбом болса, оны қалай атар едіңіз?

«Бақыт».
 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

1465music: қазақша музыка лейблі

Мақалада ХХІ ғасырдағы әлемдік музыка лейблінің дамуы және елде жаңадан бастау алған 1465music лейбілі туралы сөз қозғаймыз.

8 минут
8 минут

Ұлылардың тұяғы: жыр алыбы Мұқағали Мақатаевтың ұлымен сұхбат

Ақынның отбасында қандай дәстүрлер болған, халықтың көңіліне жұбаныш сыйлаған өлеңдері неге өшпес мұра болып қалуда, ұлттық мәдениет пен өнерге қосқан үлесі жайлы талқылаймыз.

24 минут
24 минут

Ақпарат гигиенасы: сана тазалығын сақтау жолдары

Мақалада ақпарат гигиенасы түсінігінен бастап, сана тазалығын сақтау және өзіміз де ақпарат кеңістігін ластамау үшін қандай қадамдар жасау керегін бөлістік.

8 минут
8 минут

Күрмеуі көп қазақ футболының қазіргі жағдайы

Мақалада футболдан ел біріншілігі, өзге елдердің тәжірибелері, жас таланттарды баптау жөнінде сөз қозғаймыз.

12 минут
12 минут