Әйгерім Бегімбет: «Ел ішінде кәсіптің көзін тапқан кейіпкер көп»

18 минут Динара Тілеубек
Альтернативный текст

Қыркүйектің 28-і күні Шымкентте журналист Әйгерім Бегімбет пен фотограф Шыңғыс Әбдіразақтың «Тіршілік» атты фотокөрмесі ашылды. Көрерменін ауыл тұрмысы пен қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен таныстыратын көрме қазанның 10-на дейін жалғасып, қараша айында Алматыға жол тартады. 

Біз  көрме авторларының бірі  Әйгерім Бегімбетпен сұхбат құрып, фотоөнердегі алғашқы қадамы,  шығармашылық жолы мен өз суреттері арқылы ауыл өміріндегі қандай мәселелерге назар аударғысы келгенін сұрадық.


Балалар басылымынан басталған шығармашылық

Бірінші сыныпқа барғанымда марқұм әжем облыстық «Балбөбек» деген газетке жазылып,  «Әріп танисың, енді осы газетті оқып жүр» деп тапсырды. Қазір бұл газет жоқ, бірақ кезінде «Балбөбек» «Шымкент келбеті» газетінің жанынан шығатын, балаларға арналған жақсы басылымдардың бірі болатын. Мектеп бітіргенше осы газетті оқып өстім.

Жетінші сыныпта жүргенімде, газетке мақала жазған балалардың еңбегін көріп, «Осылай жазып көрсем қайтеді?» деген ой келді. Сол кезде сүйікті басылымым балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Асыл әжем менің» деген байқау ұйымдастырды. Өзімді осы басылыммен таныстырған әжем туралы мақала жазып, хатымды поштаға салып жібердім.

Бір күні үйге айына екі рет шығатын газеттің жаңа саны келді. Ашып қарасам, әжем екеуміз түскен сурет жарияланып, мақалам басылыпты. Байқау жеңімпаздарын «Қиял әлемі» саябағына шақырып марапаттады. Бұл ауыл баласына ерекше әсер сыйлаған оқиға болды.  

Алғашқы фотоаппарат

Алтыншы сыныпта жүргенде әпкем республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетіне жаздырды. 2002-2003 жылдан бастап әлі күнге дейін жаңа жылда әпкем маған «Ұлан» газетіне бір жылға жазылу ақысы төленген түбіртек сыйлайды. Кейін дәстүрге айналған бұл сыйлықтың орны бөлек болды.

Ең алғашқы фотоаппаратымды да әпкем сыйлады. Пленка салынатын Kodak фотоаппаратын қолыма ұстап, жақындарымнан бастап, ауылдың бүкіл ит-мысығына дейін суретке түсіріп жүретінмін.

Жетінші сыныпта «Ұланда» «Егіздер» фотобәйгесі жарияланды. Көршімнің егіз қыздарын түсіріп, байқауға қатыстым.  Суретім «Ұланға» шықты. Осыдан бастап, мақала жазып, Алматыға жолдап тұруды әдетке айналдырдым. Бірақ екі жыл бойы жіберген мақалаларымның бірде-бірі басылым бетінде жарияланған жоқ.  «Ұланның» редакторларынан «Мақалаң жақсы екен. Келесіде басқа тақырыпқа жазып көр» деген мазмұндағы хаттар алып тұратынмын. Осы хаттар көңілге медет болды.

Тоғызыншы сыныпта мектепте өткен «XXI ғасыр көшбасшысы» жарысы туралы қысқа ақпарат жазып, әдеттегідей «Ұланға» жібердім. «Газетке шығады» деп үміттенген жоқпын. Кейін алып қарасам, мақалам республикалық басылымда жарық көріпті. Сонда газетке күнде республиканың түкпір-түкпірінен «Менің отаным», «Ұстазым» деген тақырыпта жүздеген мақала түсетінін, жазғаным жариялануы үшін мазмұны бөлек мәтіндер жолдау керегін түсіндім. 

Жас кәсіпкер

Алғашқы фотоаппаратыма түскен суреттерді қолға алып қарау үшін, пленканың толғанын күту керек болатын. Сондықтан 24  немесе 36 пленкалы фотоаппаратқа айналада көзіме ілінгеннің бәрін түсіре беретінмін. Алғашқыда сурет шығаруға ақша беріп жүрген үйдегілер кейіннен әуесімді түсінбейтін болды.

Бір күні көршілерімнің суретін шығарып апарып бердім. Олар еңбегім үшін ақша берді.  «Фотоға түсіруді табыс көзіне айналдыруға болады екен» деген ой туды. Ол кезде ауылымызда фотограф болмайтын. Осылай өзім туған Қайнар және оған көршілес Ұялыжар ауылының тұрғындарынан тапсырыс алып, отбасылық басқосуларды, тойлар мен мектептегі шараларды түсіретін болдым.

Шымкентке жалғыз келіп, сурет шығаратын орынға пленкамды қалдырып кетемін. Сурет дайын болғанша Алтынсарин атындағы кітапханада отырып, кітап оқимын. Кешке 18 теңгеден шығарған суреттерімді ауылға апарып 60 теңгеден сатамын.

Жаңа жыл, соңғы қоңырау сияқты мерекелік жиындар кезінде екі ауыл тұрғындары «Бізге кел» деп таласып қалатын. Қазір ойлап қарасам, менің өнерімді қолдап, «Суретке түсіру қолыңнан келе ме?» деп бір ауыз сұрамаған, сапасыз сурет апарсам да, үндемей сатып алған ауылдың ақ пейіл адамдары шығармашылығыма үлкен үлес қосыпты.

Алтыншы сыныпта қолыма алғаш фотоаппарат түскеннен бастап, әжемнің бір альбомға жететін суретін жинадым. Қазір туыстарым марқұм әжемнің естелік бейнелері үйдегі альбомда сақталып қалғанын қуанышпен еске алады.

Ұланда «Аты-жөнімізді дұрыс жазу - парыз» деген бастама болды. Осы газетті мектепке әкеліп, әлгі бастаманы сынып болып талқыладық. Төлқұжат алатын кезде тегімдегі «-ова» деген жұрнақты алып тастаймын деп күрестім. «Құжаттарды ауыстыру қиын» дегендеріне қарамай, бүкіл мұрағатты көтеріп жүріп, аты-жөнімді Әйгерім Бегімбет деп жаздырдым. 

Журналистикаға қадам

«Журналист боламын» деп шешкен күннен бастап, ҚазҰУ-ге түсуді армандадым. ҰБТ-ға дайындық кезінде де бастысы қазақ тілі мен қазақстан тарихы пәндерінен жақсы балл жинауға тырыстым.

Үйде жалғыз қызбын. Сондықтан анам мені алысқа жібергісі келмеді. Анам «Шымкентке оқуға түс!» дейді. Мен «Шымкентте журналистиканы оқытпайды» деп қарсыласамын. Осылай жүргенде анамның көзіне екінші рет ота жасататын болдық. Анамның денсаулығын ойлап, қалада қалуға көндіге бастадым.

Бірақ маусымның  27-сі күні ҚазҰУ-ге хабарласып, «Журналистика факультетіне оқуға түскім келеді. Қандай құжат тапсыру керек?» деп сұрадым. Университет қызметкері құжат қабылдау маусымның 30-ы күні  аяқталатынын айтты. Университетке жұма күні хабарластым. Сонда сенбі, жексенбі құжат жинап, дүйсенбіге Алматыға барып үлгеруім керек. «Үлгермеймін» деп ойладым.

Бұл ойымды әпкеме айтқанымда, ол «Сен неге арманыңнан бас тартуың керек? Ертең түске дейін құжат жина. Алматыға барамыз» деді. Анаммен өзі сөйлесіп, келісімін алды. Анам мені Алматыға «Диплом алған күні Шымкентке қайтасың!» деген шартпен жіберді. Осылай Алматыға барып, шығармашылық емтихан тапсырып, журналистика факультетіне оқуға қабылдандым.

Бірінші курста оқып жүргенде үйдегілер жағдайымды білуге аптасына бір рет хабарласатын. Осындай бір әңгіме кезінде әпкем оқуымның жайын сұрады. «Телевизиялық журналистика» деген пәннен фотоаппаратым болмай, берілген тапсырмаларды орындай алмай жүргенімді айттым. Ертеңіне әпкем қайта хабарласып, «Саған фотоаппарат салып жібердім, автобустан күтіп ал», — деді. Сонда әпкем кітапханашы боп жұмыс істеп, 35 мың теңге жалақы алатын. Соның  25 мың теңгесіне маған фотоаппарат сатып алыпты. Қатты қуандым. Сол фотоаппарат маған төрт жыл бойы қызмет етті. Соңғы курста студенттермен сырғанаққа барып, сындырып алдым. 

Оқу бітірген соң, Шымкентке келіп, «Оңтүстік Рабат» газетіне жұмысқа тұрдым. Алғашында редакцияның фотоаппаратын пайдаланып жүретінмін. Сол кезде zhaksy.kz сайты фоторепортажға байқау жариялады. Әр фоторепортажға 50 мың теңгеден төлеуге уәде берді. Мен ол кезде бір ай жұмыс істеп,  50 мың жалақы алатынмын. Төрт ауылды аралап, жергілікті тұрғындардың өмірі туралы фоторепортаж жасадым. Тапқан табысыма Canon 60D сатып алдым. Сол фотоаппаратты қайда барсам қолымнан тастамай, бес жыл пайдаландым. Кейін Моңғолиядан келе жатқанда, Астанада жоғалтып алдым. 

Фотоаппаратым жоғалғанын естіген Жеңіс Ысқабай деген алматылық фотограф  Nikon 600D деген фотоаппаратын уақытша пайдалануға берді. Тағы бір фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы  "Фотоөнер" қоғамдық бірлестігінің жабық тобындағы азаматтарды  ақша жинап, маған фотоаппарат әперуге шақырды. Бірақ белгілі фотограф Шүкір Шақай аға Шымкентке келген сапарында маған бұрын  өзі  қолданған фотоаппаратты сыйға тартты. Әлі күнге сол фотоаппаратты пайдаланып келемін. 

Түркістан тіршілігі

Ақпан айында Internews отандық медиа жобаларға байқау жариялады. Ауылда туып-өскеннен, өзіме осы тақырып жақын. Сондықтан  Түркістан облысындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі, шешімін таппаған мәселелері мен еңбек адамдарының өмірін  көпшілік оқырманға таныстыратын жоба ұсындым. Жобам байқауға түскен 268 өтінімнің ішінен грант алған он жобаның қатарына ілікті.  

Алғашында жобаны бөлем Қанатпен бірге бастағымыз келген. Ол ауыл аралап, халық арасынан кейіпкер іздеуге асығып жүрді. «Жобаны бір апта көлемінде қолға аламыз» деп отырғанда, Қанатты жоғалтып алдық. Осы қазадан кейін біраз уақыт еңсемді көтере алмай, қолыма қалам ұстай алмадым. Кейіннен жобаға фотограф іздегенде, бірден ойыма Шыңғыс Әбдіразақ оралды. Оның өзін де, жұмыстарын да бұрыннан білетінмін. Жобаға кейіпкер іздегенде, Шыңғыс екеуміз кездескен адамның бәрінен «Сіз қай ауылдансыз? Сіздің ауылыңызда қандай қызық кейіпкер бар?» деп сұрайтынбыз. Одан бөлек, әлеуметтік желілер мен аудандық газеттерді үзбей қарайтынбыз.

Маған Мақтаралдағы мақташы атаның оқиғасы ерекше әсер етті. Ол көтеріп келген қабын таразыға қойғанда, мен мақта жиналған қапты суретке түсіріп тұрдым. Қария таразының басында тұрған жігіттен «Қанша болды?» деп сұрағанда, «15 килограмм» деген жауап алды. Мұны естіген қарияның көңілі түсіп, жерге отыра кетті. Мақтаның әр килограмына 25 теңгеден береді.  Сонда қария жарты күн терген мақтасына 375 теңге алады. Қарт адамның маңдай терін төгіп тапқан ақшасын ойлап, еңсесі түскенін көру бізге өте қиын болды. 

Түркістанда қамыс жинайтын әйел туралы материал ерекше шабыт сыйлады. Малына шапқан қасқырды жалғыз өзі атып алған әйел туралы ақпаратты бір видеодан көріп, арнайы іздеп бардық. Ол жапан түздегі байланысы жоқ ауылда қамыс жинап, мал басын құрап, күнелтіп отыр екен. Ауылда жұмыссыздық мәселесі барын, тұрмыстың оңай емесін бәріміз білеміз. Бірақ  осындай еңбек адамдарының қамыс орудың өзін кәсіп көріп, табыс көзіне айналдырған еңбекқорлығы көпке үлгі деп ойлаймын.

Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылында бір отбасының барлық мүшесі тігіншілікпен айналысады. Отбасындағы ер балалар жұмыс таңдамай, ұлттық нақыштағы көйлек пен  сәукеле тігеді. Киімнің барлық түрін тігетін еңбексүйгіш жандардың талпынысы Шыңғыс Әбдіразақ жасаған фоторепортажға арқау болды. Кәсібін кеңейтуге қажет қаржыны несиеге алайын десе, отбасының саманнан тұрғызылған үйі кепілге қоюға жарамайды. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізсе, бір отбасының өзі ауылда тұратын қанша адамды жұмыспен қамтуға көмектесер еді. 

El.kz сайтында жұмыс істеп жүргенімде, ауылда тұратын еңбекқор адамдардың өмірі туралы көп мақала жаздым.  Бірде әлеуметтік желіде түйеқұс бағып, гелендваген мінген жігіттің жазбасын көзім шалып қалды. Бірден жазбаны бөліскен досымнан көмек сұрап, кәсіпкердің байланыс нөмерін таптым. Қыстың суық күнінде кездесіп, түйеқұс өсіруді табысқа айналдырған ауыл азаматының өмірі туралы фоторепортаж шығардық. Материал оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Сол мақаладан кейін әлгі кәсіпкер туралы көп ақпарат құралдары жазды. 

Ел ішінде кәсіптің көзін тауып, жан бағып отырған тағдыры қызық кейіпкерлер көп. Internews жобасының аясында жазылған осындай қызық хикаяларды Informburo.kz сайтына жариялаймыз. Фотокөрмеге еңбек адамдарының бүкіл бейнетін көрсететін 55 сурет қойылған.  Осы арқылы көрмеге келушілерді ауыл мәселесімен, онда тұратын халықтың үлгі-өнегесімен  таныстырғымыз келді.  Қараша айында көрмемізді Алматы қаласына апарамыз деген жоспар бар.

 

Статьи STEPPE

Зерттеу: «Ғылымдағы әйелдер үлесі аз»

Cell Stem Cell журналы жариялаған зерттеуде әлемде ғылыммен айналысатын әйелдер саны аз екеніне назар аударылып, бұған әсер еткен себептер талданған.

3 минуты
3 минуты

Телефонға тыңдау құрылғылары орнатылғаны рас па?

Зерттеушілер «телефондағы тыңдау құрылғылары біздің әңгімемізді жазып алады» деген танымал тұжырымның рас-өтірігін тексеріп көрді.

3 минуты
3 минуты

Трансплантолог: «Өз кәсібімді адамдарға екінші өмір сыйлау мүмкіндігі үшін жақсы көремін»

Абылай Донбай — Шымкент қалалық №1 аурухананың бас дәрігері, трансплантолог. Ол бізбен отандық трансплантологияның даму деңгейі мен өзекті мәселелері туралы ойын бөлісті.

18 минут
18 минут

ZAO мобильді қосымшасы неге «қауіпті»?

Соңғы уақытта Қытайда ең көп жүктелген бағдарламалардың бірі – ZAO мобильді қосымшасы. Видео кейіпкерлерінің бейнесін ауыстыруға арналған жаңа бағдарламаны сынаушылар deepfake технологиясы жалған ақпарат таратуға ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.

3 минуты
3 минуты