
«№37» театр сахнасынан үлкен экранға: Жандос Айбасовтың режиссерлік дебюті
Алғаш рет Қазақстанда театр қойылымының негізінде толықметражды фильм түсірілді. «№37» — режиссер, актер және каскадер Жандос Айбасовтың дебюті. Премьерасы 2025 жылғы 20 қарашаға жоспарланған фильм сахнадағы әсерді экран тіліне көшіруді мақсат етеді: дыбыс драматургиясы, актерлік тандем, каскадерлік шешімдер — бәрі бір картинада тоғысады.
Steppe редакциясымен сұхбатта Жандос театрдан киноға көшудің артықшылығы мен қиындығы, кәсіби тәжірибесінің жаңа бағыттағы орны, музыкалық тіл іздеу, сондай-ақ бүгінгі қазақ киносының жауапкершілігі туралы әңгімеледі.
Неге дәл «ŞAM» және неге дәл қазір?
Бұл ұсыныс маған жақын достарымнан келді. Мен келісімімді бірден бердім. Себебі «№37» спектаклін жай көрермен ретінде ғана емес, сахна сыртында жүріп, дайындық үдерісін де толық көргенмін. Сол кезде-ақ «бұл материал кинолық табиғатқа өте сай» деген ой қалыптасты.

Әрине, режиссер ретінде түсіргім келетін өз идеяларым да, жоспарлап жүрген фильмдерім де бар еді. Бірақ Еркебұлан мен Асан «осы дүниені киноға айналдырайық, сен режиссер бол» деп ұсыныс жасағанда, қуана келістім. Материал терең. Сол үшін таңдау ұзаққа созылған жоқ — «иә» дедім де, іске кірістік.
Спектакль драматургиясын сақтап, кинематографиялық тіл табу
Сценарийге бүкіл команда болып араластық — бұл менің режиссер ретіндегі алғашқы тәжірибем үшін орасан көмек болды. Себебі спектакльдегі актерлердің барлығы сол рөлдерін фильмде де сомдады. Демек, бізде дайын негіз, нақты қаңқа бар еді. Ендігі мақсат — сол материалды кино тілімен қайта «сөйлеу»: қандай сахна экранда өміршең болатынын, камера қай тұста үндемей де көп айтатынын, драмалық ырғақ қай жерде күшеюі керектігін табу.
Біз «штурм» форматында жиі ақылдастық: әр эпизодтың құрылымын ойластырып, сахнадан экранға табиғи өтуді іздедік. Сценарий жазу үдерісі дайындықпен қатар жүрді — актерлер материалды бойына сіңіріп үлгерді. Кейіпкерлердің мінезін талдағанда әр актермен жеке сөйлесіп, мизансценаларды бірге іздедік. Нәтижесінде түсірілім алаңына келгенде әркім өз рөлінің ішкі логикасын толық сезінетін деңгейге жетті.
Бұл процесте спектакльдің режиссері, Фархат Молдағали, үлкен рөл атқарды. Ол фильмнің шығармашылық жетекшісі болды: актерлермен жұмыс кезінде де, диалогтардың редактурасында да, жалпы картинаның бастан-аяқ қалыптасуында үнемі қасымда жүрді. Фархаттың сахналық тәжірибесі мен психологиялық дәлдігі киноға ерекше тереңдік берді.
Менің міндетім — осы біріккен шығармашылық энергияны дұрыс арнаға бағыттап, кадр арқылы сахнаның драматургиясын жоғалтпай жеткізу еді. Спектакльдің рухы сақталды, бірақ енді ол экранда басқа тыныспен, басқа ырғақпен сөйлейді.
«Жарылыс» — тек сыртта емес, адамның ішінде
«№37» фильмі жарылыспен басталады. Бірақ бұл физикалық детонация емес — адамның ішкі жарылысы. Мен үшін бұл символ.

Біз қазір бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз, бірақ айналамызда соғыс, агрессия, ақпараттық шу көп. Әлеуметтік желілерде адамдар бір-бірін жиі сынайды, бөледі, қаралайды. Бұл да — жарылыс. Тек сыртта емес, іштегі.
Фильмде сол эмоциялық шегараны көрсетуге тырыстым: адам қандай жағдайда ішінен үзіледі, қай кезде үнсіз жарылыс болады? Бұл — біздің бәрімізге ортақ сұрақ. Сол себепті «№37» — апат туралы фильм емес, адамның төзім шегіне арналған фильм.
Музыка — фильмнің жүрегі
Кинодағы ең сезімтал қабат — музыка. Ол кейде диалогтан да күшті сөйлейді. Біз бұл жобада композитор Шырын Базарқұлованы таңдадық. Өте білімді, оркестр мен аспаптың тілін терең білетін маман.
Бір қызығы — біз Шырынмен бала кезде бір балабақшада, бір топта оқыппыз. Оны кездейсоқ білдік: әңгімелесіп отырып, ол «мен әнші балапанға қатысқанмын» дегенде, есіме түсті. Теледидардан көрген кішкентай әнші қыз — сол Шырын екен!
Осыдан кейін жұмыс тіпті ерекше бағыт алды. Үш күн бойы бірге отырып музыка жаздық. Кино сол сәттен бастап мүлде басқаша тыныс ала бастады. Музыка — бұл фильмнің екінші дауысы. Қазір саундтректің жартысынан көбі дайын, ай соңына дейін аяқтаймыз.
Шырынның интуициясы мен эмоциялық дәлдігі фильмге жаңа түс қосты. Әсіресе драмалық сәттерде музыка кейіпкерлердің ішкі дауысын жеткізеді.
Таза тіл мен таза ойын: кәсібилік философиясы
Кино саласында бір кезеңде жиі айтылатын пікір болды: «театр актерлері кинода тым “театралды” ойнайды». Мен бұл тұжырыммен келіспеймін. Кәсіби актер — қай ортада болсын, эмоциясын дәл жеткізеді. Мәселе оның қай жерден шыққанында емес, режиссер мен актер арасындағы түсіністікте.

Меніңше, әр маман өз ісімен айналысуы керек. Егер актер — актерлікке, оператор — кадр шешіміне, дыбыс режиссер — атмосфера құруға шын мәнінде кәсіби тұрғыдан қарай білсе, нәтиже де соған сай болады.
Кино әртүрлі болуы мүмкін: кейде көрермен кейде ойлануға, кейде демалуға келеді. Бірақ терең мазмұнды дүние жасаймын десең, онда кәсібилік — басты шарт.
Тіл туралы айтқанда — бұл бөлек әңгіме. Кезінде сценарийлер мен драматургияның көбі орыс тілінде болатын. Голливудтық үлгілерге қарап өстік. Ал өз мәдениетіміздің дыбыстық, сөздік ырғағын сезінуді кейіннен үйрендік.
Қазір қазақ тіліндегі кино көбейіп келеді — бұл қатты қуантады. Бірақ кейде диалогтардың табиғилығы жетіспейді. Экрандағы сөз кейде аударма сияқты естіледі. Сол үшін «№37»-де мен тілдің табиғилығын сақтауға тырыстық. Біз фильмді таза қазақ тілінде түсірдік. Тіпті жалғыз орысша сөз — «точка» — контекстік мағына үшін ғана қалды. Бұл мен үшін принцип емес, қалыпты жағдай: қазақ киносы қазақ тілінде сөйлеуі керек, және бұл — табиғи әрі дұрыс.
Актерлік пен каскадерлік тәжірибе режиссерлік салада қалай іске асты?
Негізі, мен бастапқыда-ақ режиссер боламын деп ойлағанмын. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыған кезден бастап жылына 2–3 қысқаметраж түсіретінбіз. Кейін студенттердің шақыруымен кадр алдына да шықтым: «сенде актерлік қабілет бар» деген пікірлер жиі айтылатын, бірақ басты мақсатым — режиссура болатын.
Үлкен кино алаңына актер ретінде келгенде түсінгенім: экран өндірісінің бүкіл механизмін ішінен көру — баға жетпес тәжірибе. Кім неге жауапты, үлкен картина қалай құрылады, ұсақ нюанстар қалай шешіледі — мұның бәрін актер болып жүріп үйрендім. Кейін толық метражды кинода көмекші болдым, осылайша біртіндеп тәжірибе жинақталды.

«Кенже» фильмі кезінде каскадерлік топтың жетекшісі Жайдарбек ағамен таныстым. Спортқа жақын болғасын бірге жаттықтық, сол кісінің тобына келдім. Көпшілік «актер болып жүріп, каскадерлікке кету — бір қадам артқа қадам емес пе?» деп сұрайтын. Мен олай ойламаймын. Каскадерлік маған қозғалыс пластикасын, қауіпсіздікті, трюктардың логикасын, дене мен камераның өзара қатынасын терең түсіндірді. Жас күнімде Джеки Чан, Ван Дамм, «Терминаторды» сүйіп көрдік — әрекет киносының грамматикасы мені сол кезден қызықтырды.
Шетелдік алаңдарда да істедік: жүйелерін, тәртіптерін, өндірістік мәдениетін көрдік. 2019 жылы Жаңа Зеландияда Disney-дің «Mulan» жобасынан оралған соң, өзіме «енді түсіру керек» деген міндет қойдым. «Жан, ты не поверишь» — алғашқы продюсерлік жұмысым болды, қара комедияны қазақшаға бейімдедік. Продюсерлік арқылы өндірістің «көрінбейтін» қабаттарын ұқтым: кейде жол жабылмай қалуы, біреудің кешігуі, жарық сөнуі — осындай әкімшілікке қатысты сәттерді алдын ала ескеруді үйренесің. Монтажға, компьютерлік графикаға, каскадерлік сахнаға қай жерде қажеттіклік туатынын да ерте жоспарлайсың. Бұл тәжірибе бәрібір «плюс». «№37»-де өзімді өте жайлы сезіндім: актер жұмысына артық араласқан жоқпын, жағдайды беріп, тапсырмасын түсіндіріп, еркіндікке назар аудардым.
Неге кино?
Кинодағы жолым мектептен басталды. 146-мектепте оқыдым — «Қазақфильмге» жақынбыз, сол ортадағы адамдарды жиі көретінмін. «Көксерек», «Қыз Жібек» секілді картиналар мені ерте баурады. Сурет салуға бейімділігім болған соң, Жүргенев атындағы мектепке түстім, үш жыл көркем өнерді оқыдым. Кейін Орал Таңсықбаев атындағы колледждің зергерлік факультетіне бардым: металл, ағашпен жұмыс, домбыра мен сандық жасау, ою-өрнек семиотикасы — бәрін зерттедік.
Бұл білім кейін экрандағы «ұсақ детальдардың» маңызын сезіндірді. Ою — жай әшекей емес, ақпарат тасымалдаушы. Көшпенді мәдениетінің заттық мәні — сандықтың өзі тұрмыстық-функциялық код. Тарихи фильм көргенде кейде жетпей тұратын дәл осы «ұсақ» детальдар біздің кім екенімізді ашады. Мен үшін бұл дүниелер — режиссурада бағалы құрал.
Жоғары оқу орнына алғаш интерьер дизайнына түстім. Университетте кино-тв студенттерімен ортақ пәндерде араласып, ақыры мамандығымды ауыстырдым: «ойнақы кино режиссурасына» өттім. Ұстазым — Ардақ Әмірқұлов («Отырардың күйреуі»). Кейін Асқар Ұзабаевтың компаниясында ассистент режиссер болып бастадым да, біртіндеп өз мақсатыма бет алдым.
Режиссерлік — менің тынысым
Актерлік өнерге еш өкпе жоқ. Ол мені шыңдады, түсірілімнің барлық процестерін тереңірек түсінуге үйретті. Бірақ өзімді ең толық сезінетін жер — режиссура. Өйткені режиссер болу мен үшін — тек кадр қою емес, ойыңдағы әлемді басқа адамдарға дәл сол күйі жеткізу мүмкіндігі.
Актер бола жүріп, әрдайым режиссердің көзқарасына тәуелді боласың. Сен өз ұсынысыңды айтасың, бірақ соңғы шешім — режиссердікі. Ал өзің түсіргенде — ойыңды, ырғағыңды, эмоцияңды өзің басқарасың. Бұл еркіндік пен жауапкершілік қатар жүретін сала. Мен үшін режиссерлік — ойды бейнеге айналдырып, сол арқылы көрерменмен сөйлесу тілі.
Кейде сахнада актер болу — бір суреттің бөлшегі болу сияқты. Ал режиссерлікте сен сол суреттің авторысың. Әр түсті, әр жарықты, әр дыбысты өз қолыңмен таңдайсың. Міне, сол сәт — мен үшін нағыз тыныс алу. Сондықтан «үйім — режиссерлік» деп айта аламын. Ал каскадерлік тәжірибе режиссерлікте маған физикалық дәлдік пен сахналық пластика береді. Қайда эмоция жеткілікті, қайда қозғалыс артық, қайда керісінше тыныштық керек — мұның бәрін мен сол тәжірибеден түсіне аламын.
Көркем дәстүр мен жаңа буын
Маған Шәкен Айманов дәуірінің кинолары ерекше жылы. Ол кездегі картиналарда үлкен ой мен астар бар еді. Оқиға басқа тақырыпта өрбитіндей көрінсе де, оның түбінде әлеуметтік, адамгершілік терең мәселе қозғалатын.
Мысалы, соғыстан кейінгі замандағы фильмдер — тек тұрмыс суреті емес, елдің жарасын, жетім қалған балалардың, жесір қалған аналардың тағдырын көрсетті. Сол арқылы көрермен ойланды, қоғам өзін көрді. Бұл — өнердің ең биік деңгейі.

Қазіргі заманда кино кейде тым «коммерциялық» бағытқа кетіп бара жатыр. Шынайылықты көрсетуге тырысамыз деп, кейде тым ашық, тым дөрекі әдіскті қолданамыз. Мен үшін кино — тәрбиелеу құралы емес, бірақ көрерменге ұсынылған образ — оның санасында қалып қоятын бейне. Сол себепті режиссерге жауапкершілік өте жоғары. Біз не көрсетсек, қоғам соны қабылдайды.
Көрерменге ұсынған энергияң саған қайта оралады. Сондықтан бұл істе «жәй ойын» болмайды.
Дисциплина және ұстаздық сабақтар
Менің өмірімде тәртіп пен кәсібилікті ең көп үйреткен адам — Жайдарбек ағамыз. Каскадерлік топтағы тәжірибе мені тек физикалық тұрғыда емес, мінез тұрғысында да қалыптастырды.
Жайдарбек аға үшін уақыт — бәрінен қымбат. Егер жиын 8-де басталса, сен 7:45-те сол жерде отыруың керек. 15 минут кешіксең — ол енді кешігу емес, тәртіп бұзу. Қарапайым көрінгенмен, бұл қағидалар өмірге де, шығармашылыққа да әсер етеді.
Мен сол арқылы бір нәрсені түсіндім: шығармашылық адам — «қиялдаушы» ғана емес, жауапты маман. Өнерде де тәртіп қажет. Бұл — режиссер үшін, актер үшін, кез келген сала үшін ереже.
Ал спорттан алған әсерім — рухтың төзімділігі. Мен бокспен айналыстым. Бала күнімнен Мұхаммед Әлиге қызығатынмын. Оның рухы, табандылығы, өз мақсатын соңына дейін жеткізе білу қасиеті мен үшін үлкен мектеп болды.
Көрерменге тілек: құшақтап, қоңырау шалыңыз
Менің ең үлкен арманым — көрермен кинотеатрдан шыққан соң, телефонын алып, ата-анасына хабарласса, бауырын құшақтаса, жай ғана сөйлесіп, амандасып кетсе. Сол жеткілікті.
Фильмнің басты ойы да — адам арасындағы жылылықты сақтау. Біз кейде тым суық болып кеттік. «№37» — дәл сол жылылықты қайта еске салу.
Өмір тоқтаса да, өнер — жалғасады. Адам жақынын мәңгіге ұстай алмайды, бірақ оның бар екенін сезіне алады. Сондықтан менің бұл фильм арқылы айтқым келгені: жаныңда бар адамды бағала.
Болашақ жоспарлар мен бағыттар
Менде тақырып көп. Бірақ бәріне шыдам мен уақыт керек. Қазір басты мақсат — осы фильмнің премьерасын ойдағыдай өткізу.
Кейін жоспардағы жобалар бар, бірақ әзірге ішімде қалдырғым келеді. Кейде сөзбен айтпай, іспен көрсету әлдеқайда дұрыс. Бірақ бір нәрсе анық: мен киноны жалғастырамын.
Қазақ киносы бүгінде жаңа кезеңде тұр. Бізге тек батылдық пен жүйелі еңбек керек. Мен өз үлесімді сол жолда қосқым келеді.