Топ емес, жанұя: ALPHA-ның шынайы тарихы
Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі. Альфа болу бүкіл саладан бәрінен мықты болып шығу деген сөз емес, бұл өз өміріңде өзің...
Бүгінде фриланс — еркіндік пен икемділікке негізделген жұмыс формасы. Алайда тұрақты табыс көзі мен әлеуметтік кепілдіктердің болмауы фрилансерлерге зейнетке дайындықты ерте бастау қажеттілігін туындатады. Ендеше, фрилансер ретінде зейнетке ақша жинаудың негізгі жолдарын қарастырайық. Мақалада БЖЗҚ маманынан, фрилансерден және экономистен сұхбат алдық.
Фрилансер деген түсінікті ашып алайық: компанияға тұрақты жұмысқа тұрмай-ақ, әртүрлі тапсырыс берушілерге өз қызметін ұсынып, жобалар бойынша жұмыс істейтін адамды фрилансер деп атайды. Фрилансер қай жерде, қашан, кіммен жұмыс істейтінін өзі шешеді, әртүрлі клиенттермен қысқа немесе орта мерзімді жобаларға қатысады және көбіне интернет арқылы жұмыс істейді.
Алматылық Назира Бурханова — фрилансер. Толықтай осы жұмыс форматына карантиннен кейін келген. Яғни, фриланста жүргеніне шамамен 5 жылдай уақыт өткен.
«Оған дейін 17 жасымнан бастап жұмыс істей бастадым. Алғашқы жұмысым — «Гүлстан» журналының редакциясында болған. Содан кейін бір жерде тұрақты отырып істеген емеспін. Екі-үш жерден қатар жұмыс істеуге тура келді. Бұл табыс табу мақсатында ғана емес, бір орында отырып қалу мен үшін қызықсыз болды. Сол себепті түрлі жұмыстарды қатар атқарып үйреніп алдым.
Бірнеше жобалармен айналыстым, оқумен қатар алып жүрдім. Карантинге дейін де тұрақты табысым бар еді. Екі-үш жерден аз-аздан табыс тауып жүрдім. Кей жерлерде баспасөз қызметі мен аударма саласында істейтінмін», — деп баяндайды ол.
Ал карантин кезінде Назира көп жұмыс онлайнға ауысып, онлайнда мүмкіндік өте көп екеніне көз жеткізген. Алайда ол фрилансқа бәрінің бірдей мүмкіндігі де, қалауы да бола бермейді дейді.
«Сол кезде уақыт деген ұғымның қатып қалған ереже емес екенін сезіндім де, толықтай фрилансқа көштім. Толық фрилансқа кетуімнің бір себебі – табиғатым. Психотип бойынша мен — гипертиммін. Яғни, үнемі қозғалыста болуым керек, әрекетсіз отырсам, өзімді жайсыз сезінемін. Энергияны бір жерге жұмсау керек, сондықтан түрлі жобалармен айналысамын. Бір жобамен ғана айналысу мен үшін — іш пыстыратын дүние», — дейді кейіпкеріміз.
Назира Бурханова баласын әртүрлі маманға, логопедке апарып жүруге де уақыт қажет екенін айтады. Ал егер белгілі бір жерде жұмыс істесе, бір күн сұранып, екінші күні тағы сұранып, үшінші күні «басқа біреуі апарсын» деген көзқарас қалыптасуы мүмкін. Оның сөзінше, қоғамда ондай қызметкерлер ұнай бермейді, тіпті керемет маман болсаң да.
«Осыны түсінген соң, өз ыңғайыма қарап, бір күнде барлық тұрақты жұмыстаан шығып кеттім. Содан бері фриланс жобалармен айналысып келемін. Қазіргі жобаларымның ішінде аударма басты орында. Атап айтқанда, Disney, Marvel секілді студиялардың фильмдерін ағылшын, орыс және қазақ тілдеріне аударамыз. Басында фильмдерді өзім ғана аударатынмын, кейін жобалар көбейген соң, сенім артып, маған көбірек тапсырыс берілетін болды. Уақыт өте келе команда құрдым — қазір менімен бірге екі қыз жұмыс істейді. Басты жауапкершілік — менде, аударманы бөлісіп жасаймыз, бірақ соңғы тексеруді өзім жүргіземін. Себебі техникалық қателер кетіп қалуы мүмкін. Бұл аудармалар — кинотеатрларда жүретін субтитрлар.
Дегенмен, барлық фильмді біз аударып жатырмыз деген сөз емес, біз секілді басқа да командалар бар. Фильмнен бөлек, тағы бір жобам — кітап аудармасы. Кейінгі кездері бір жекеменшік мектептің ағылшын тіліндегі оқулығын қазақ және орыс тіліне аударып жатырмын. Бұл — мектеп бағдарламасына арналған оқу материалы. Сонымен қатар, Астана кітап секілді баспалармен тікелей жұмыс істеймін», — дейді ол.
Алайда фильм де, кітап та — тұрақты жұмыс емес. Сондықтан фрилансер әр жобада азаматтық-құқықтық келісімшартпен (ГПХ) жұмыс істейді.
«Бұған дейін тәжірибем бар, сол себепті әрқашан келісімшарт арқылы жұмыс істеймін. Өйткені кейбіреулер жобаны алып алады да, соңына дейін істемей, уақыт біткен кезде «үлгермей жатырмын» деп айтып шығады. Содан кейін біз секілді адамдар «отты сөндіруші» сияқты болып қаламыз. Ондай жағдайлар менде де болған, бірақ кейін түсіндім: жобаны біреуден-біреуге беру, делдал арқылы істеу — сенімсіз. Сондықтан барлығын өзіме ыңғайлы етіп реттеп алдым.
Тұрақты табыс шынымен жоқ. Бірақ мен бір нәрсені байқадым: бізде мынандай дүние бар екен — коммуникацияның үлкен әсері болады. Мысалы, бір проект алсам, содан кейін келесі проекттер өзінен-өзі сол арқылы жалғасып кете береді. Қатты тұрақты жұмыс істеп жүрген жерлердің бірі — «Астана кітап» баспасы (Алматыдағы филиалы). Одан бөлек тағы бірнеше баспамен жұмыс істеймін. Олар кітап шығарумен айналысады, мен солардың жазбаша аударма жобаларына қатысып жүрмін», — дейді ол.
Назира тұрақты табыс болмағандықтан, гонорар өте көп емес. Сонымен қатар бірнеше сайтта фрилансер ретінде материал жазады. Бұл жұмыс оған табыс табудан бөлек, шығармашылық қабілетін жоғалтып алмау үшін және медиа саласында белсенді болу үшін керек екен.
«Әртүрлі тақырыптарда жазамын — көбіне мәдениет, сән (фэшн) туралы. Кейде қандай да бір шара жайлы есеп жазып беремін. Бұл көбіне әріптестік қолдау ретінде атқарылады. Одан бөлек, психология саласында жұмысым бар. Бұрын түс қабылдап жүретінмін, қазір аса көп адам қабылдамаймын. Өйткені психология — өмір бойы оқуды қажет ететін сала. Қолымда психолог дипломы болғанымен, біліміңді үнемі жаңартып отыру керек екенін түсіндім. Ал адам жанымен жұмыс істеу — өте үлкен жауапкершілік. Сол себепті қазір бұл бағыттағы жұмысымды тоқтатып қойдым», — дейді ол.
Алайда осы жобаларда Назира Бурханова келісімшартпен жұмыс істегенде табысы аздау болатынын білсе де, ресми төлемдер маңызды дейді. Сондай-ақ осы төлемдер арқылы медициналық сақтандыру статусы берілетінін айтады.
Бұл да керек нәрсе: әсіресе балалар үшін тегін медициналық қызмет керек болып қалады.
«Өзім кейде қолданамын, бірақ шынын айтқанда, медициналық көмектің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді — ұзақ күту керек болады, басқа да қиындықтары бар. Дегенмен, жалпы алғанда, бәрібір де сақтандырудың болғаны артық етпейді деп санаймын», — дейді ол.
Экономист Ләззат Жанмолдаеваның айтуынша, Қазақстанда фрилансер болып жұмыс істейтін азаматтар көп. Алайда олардың бәрі бірдей жоғары табыс табады деп айтуға болмайды. Бірі жақсы ақша табуы мүмкін, ал енді бірі күнделікті қажетіне жететіндей ғана табыс табады. Дегенмен, олар өз еңбегімен нәпақасын тауып, өзін-өзі қамтып жүр.
«Фрилансерлердің негізгі табыс көзі — тікелей еңбек. Яғни олар капитал салмай, дене күшімен немесе кәсіби дағдысымен табыс табады. Мысалы, біреулер маусымдық құрылыс жұмыстарымен, ауыл шаруашылығымен айналысады, тағы бірі — онлайн қызмет көрсетеді. Бірақ олардың көбінің артық ақшасын инвестициялауға мүмкіндігі де, қаржылық сауаты да бола бермейді», — дейді маман.
Сондықтан экономист ретінде кез келген жағдайда бір қағиданы ұстануға кеңес береді: ақша жинау керек. Ең қарапайым қадам — табысыңыздың бір бөлігін тұрақты түрде жинап отыру. Бұл — зейнетке дайындықтың алғашқы қадамы.
«Қытайда жақсы бір мақал бар: «Барлық жұмыртқаңызды бір себетке салмаңыз. Себетті құлатып алсаңыз, бәрі бірге сынады». Бұл сөз қаржыны әртараптандыру қажеттігін білдіреді. Сондықтан жинағыңызды тек бір валютамен емес, бірнеше валютада сақтағаныңыз жөн», — дейді маман.
Экономист кеңесі — үш негізгі валютада жинау:
Кейбір адамдар жылжымайтын немесе қозғалмалы мүлікке инвестиция салғанды жөн көреді. Бұл да дұрыс қадам. Үй, мысалы, құны уақыт өте өзгерсе де, оны жалға беріп, пассив табыс көзіне айналдыруға болады.
Ең бастысы — фрилансер болсын, тұрақты жұмысы бар адам болсын, қаржылық жоспарлау мен жинақ мәдениетін қалыптастыруы керек. Бұл — болашақта әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.
Фрилансерлер қаржыны қалай жинай алады? Бұл сұраққа келсек, сарапшы азаматтар табысы қандай деңгейде болса да, кем дегенде соның бір пайызын болса да үнемі жинап отыруы керегін айтады. Бұл — қаржылық тәртіптің бастауы.
«Мемлекеттік қызметкерлердің жағдайы біршама тұрақты, олардың зейнетақы жарналары автоматты түрде жалақыдан ұсталады. Ал фрилансер болса, ол табысын өзі басқарады. Сол себепті, болашағын ойлаған әр адам жеке бастамамен жинаққа ақша салып отыруы қажет. Өйткені уақыт өте келе дене күші, еңбек ету қабілеті төмендейді, ал өмір сүру жалғаса береді. Сондықтан болашақта біреуге арқа сүйемей, өз қаражатына сенім арту үшін зейнетақы немесе өзге де жинақ түрлерін ерте бастан жоспарлау қажет.
Зейнетақы жарнасын қайда салу керек дегенге келсек, Қазақстанда заңмен белгіленген бір ғана ресми зейнетақы қоры бар — ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ). Менің кеңесім — осы қорға өз еркімен жарна салып отыру. Себебі бұл қор — мемлекеттік қорғауда, және сіздің қаржыңыз түрлі тәуекелдерден сақтандырылған», — дейді Жанмолдаева.
Мысалы, бұған дейін ұлттық валюта девальвацияға ұшыраған кезде, көптеген азаматтардың салымына мемлекет тарапынан 10% көлемінде үстемақы қосылған. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысқан салымшыларға да мемлекеттік сыйақы берілді. Мұндай қолдаулар тек ресми, заңды жолмен жинақтаған қаражаттарға ғана беріледі.
«Сондықтан азаматтарға кеңесім — жинақтарын мемлекетпен реттелетін және қорғалатын мекемелерде сақтау. Бұл — болашақ үшін ең қауіпсіз әрі сенімді жол», — дейді ол.
Айта кетейік, біздің елде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар, соның ішінде фрилансерлер міндетті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер немесе Қазпошта арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына төлейді. Әрі қарай Мемлекеттік корпорация жарналарды қорға аударады. Зейнетақы жарналарының барлық түрі бойынша шоттар БЖЗҚ-ға алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады.
Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева қор фрилансерлерге зейнетақы жинақтарын басқару үшін қандай онлайн құралдар ұсынатынын айтып берді.
Егеубаеваның айтуынша, ең алдымен, әр фрилансер зейнетақы қорына уақытылы және тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарнасын аударып, қарттыққа қаржылық қор жинауды әдетке айналдырғаны абзал. Одан соң сол шоттағы қаражатының жай-күйін үнемі қадағалап, бақылауда ұстауы керек. Ол үшін БЖЗҚ бірнеше ыңғайлы тәсіл ұсынады: мәселен, солардың бірі — қордың сайты немесе ұялы қосымшасындағы жеке кабинет арқылы үзінді көшірме алу.
Үзінді көшірмеде салымшыға қажетті ақпараттың бәрі беріледі. Атап айтсақ, жалпы жинақ көлемі, оның ішінде жарна түрлері бойынша жиналған қаражат сомасы да жеке-жеке көрсетіледі. Зейнетақы жарнасының қай уақытта қандай ұйымнан аударылғанын да осы үзінді көшірмеден білсеңіз болады.
«Үзінді көшірмеден өзіңіз сұраныс салған кезең ішіндегі инвестициялық кіріс сомасын да көруге болады. Зейнетақы жинақтары — ұзақмерзімді инвестиция. Олар, ең алдымен, еңбек ету мерзімі аяқталғаннан кейін алатын зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге бағытталған. Қордың зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекке ие және инвестициялаудың негізгі мақсаты — ұзақ мерзімді кезеңде нақты табыс алу. Сондықтан оларды басқару нәтижелерін объективті бағалау үшін кем дегенде 1 жыл кезеңіндегі деректерді талдау қажет. Мұндай мерзім инвестициялардың тиімділігін ұзақ мерзімді перспективада бағалауға мүмкіндік береді», — дейді қор өкілі.
Алайда, маманның айтуынша, инвестициялаумен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ емес, Қазақстан Ұлттық банкі және бес басқарушы компания айналысады: «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ «Halyk Finance» АҚ). Басқарушы компанияны өз қалауыңыз бойынша таңдай аласыз.
Қор өкілінің айтуынша, БЖЗҚ ұсынатын қызметтердің 98,4%-ы автоматты, электрондық және қашықтан тәулік бойы (24/7) онлайн режимде көрсетіледі. Зейнетақы шотының жай-күйіне қатысты ақпараттан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шоттың бар екендігі туралы анықтама алу, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктер бар.
«Сондай-ақ, болашақ зейнетақыңыздың болжамды мөлшерін есептеу үшін көмегі тиетін зейнетақы калькуляторын пайдалана аласыз. Өзіңіздің қария шақта алғыңыз келетін зейнетақы мөлшерін көрсетіп, жеке зейнетақы жоспарын да құра аласыз. Зейнетақы шоттары туралы ақпаратты тек БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, сонымен бірге egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтар үшін қолайлы», — дейді Егеубаева.
БЖЗҚ маманы фрилансерлер ерікті зейнетақы жарналарын аудару арқылы қалай пайда көре алатынын және бұл жарналардың артықшылықтары қандай екенін де айтып берді.
«Болашақта алатын зейнетақыңыздың мөлшерін арттыра түскіңіз келсе, зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын да аударып отырсаңыз болады. Ерікті зейнетақы жарналарының артықшылығы көп. Мәселен, Сіз жарна мөлшері мен төлеу кезеңділігін, жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті аударымдарды екінші деңгейдегі банктердің ұялы қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бұл БЖЗҚ салымшылары үшін тиімді әдіс. Өзіңіздің ғана емес, кез келген үшінші тұлғаның – мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тіпті кәмелетке толмаған балаңыздың да ерікті зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсеңіз жетіп жатыр», — деді ол.
Сондай-ақ ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ, зейнетақы жарналарының басқа түрлері сияқты ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ алғашқы жарна аударылған сәтте автоматты түрде ашылады.
Ерікті зейнетақы жарналары да, міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрі сияқты инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Егер инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50% дейінгі мөлшерін аударуға рұқсат етілсе, ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде сеніп тапсыруға болады.
Сондай-ақ, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап алуға болады.
Салымшының ЕЗЖ аудару туралы дер кезінде қабылдаған шешімі зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және болашақта жоғары мөлшердегі төлемдер алуға негіз бола алатыны айтылады.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін бірнеше жолмен ала аласыз:
Фриланс – еркіндіктің бір түрі, бірақ ол өз бетіңізше жауапкершілік алуды талап етеді. Зейнетке қамдану үшін ерте бастан жүйелі түрде әрекет ету керек. Бүгін жасаған әрбір қадамыңыз болашақта өзіңізге сенімді әрі жайлы өмір сыйлайды.
Оқи отырыңыз: Неге 400 мың теңге жалақы алатындар несиеге тәуелді? Қарызсыз өмір құпиясы
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)